Қазақстан мен Қытай: туберкулез хирургиясын дамытудағы 10 жылдық табысты ынтымақтастық
«Бір белдеу — бір жол» жаһандық бастамасы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Алтыншы халықтық клиникасы он жыл бойы өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асырып келеді.
Бұл туралы ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Малик Молдабекұлы Аденов айтып, халықаралық әріптестіктің отандық фтизиохирургияны дамытуға және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Орталық басшысының айтуынша, ынтымақтастық бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Атап айтқанда, туберкулезді диагностикалау әдістерін жетілдіру, емдеудің заманауи тәсілдерін енгізу және инновациялық хирургиялық технологияларды дамыту. Әсіресе, Қазақстан үшін де, әлемнің көптеген елдері үшін де өзекті мәселе болып отырған туберкулездің созылмалы түрлерін емдеуге ерекше назар аударылады.
Ынтымақтастық жылдары қазақстандық мамандар Қытайдағы Алтыншы халықтық клиника базасында білім алып, өкпе ауруларын, соның ішінде туберкулезді хирургиялық емдеудің заманауи аз инвазивті технологияларын меңгерді. Бүгінде Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының дәрігерлері халықаралық стандарттарға сәйкес келетін озық хирургиялық әдістерді қолданады.
Сондай-ақ қытайлық мамандардың Қазақстанға тұрақты түрде келіп, еліміздің түрлі өңірлерінен келген дәрігерлерге арналған шеберлік сабақтарын өткізуі ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналды. Олар операция алдындағы дайындық, хирургиялық ем жүргізу және операциядан кейінгі күтім бойынша заманауи тәжірибелерімен бөлісті.
Мұндай тәжірибе алмасу дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізуге және әлемдік деңгейдегі медициналық жабдықтарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Бүгінде эндоскопиялық аз инвазивті видеоторакоскопиялық операциялар бір ғана кішкентай тілік арқылы өкпеге күрделі әрі ауқымды операциялар жасауға мүмкіндік береді. Бұл — заманауи медицинаның әлемдік жетістігі және ол Қазақстанда да сәтті қолданылып келеді», — деді Малик Аденов.
Жаңа технологияларды енгізу операциялардың жарақаттылығын азайтып, пациенттердің оңалу мерзімін қысқартып, хирургиялық емнің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы қытайлық әріптестеріне және Қытай халқына ұзақ жылдар бойғы нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс білдіреді. Бұл серіктестік отандық медицинаның дамуына және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға зор үлес қосып келеді.