Қызылорда облысында туберкулезге қарсы іс-шараларды іске асыру бойынша мониторинг және бағалау жүргізілді
2026 жылғы 22–26 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының (ҰФҒО) және Жаһандық қор жобасын іске асыру тобының (ЖҚ ЖІТ) мамандары Қызылорда облысында туберкулезге қарсы іс-шаралардың іске асырылуына жоспарлы мониторинг және бағалау жұмыстарын жүргізді.
Іссапар барысында ұйымдастырушылық-әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында облыстың 10 медициналық және медициналық емес ұйымына бару жүзеге асырылды. Облыс бойынша және жекелеген медициналық ұйымдар бөлінісінде туберкулездің эпидемиологиялық ахуалына кешенді талдау жүргізіліп, ауруды анықтау, диагностикалау, емдеу және алдын алу көрсеткіштері бағаланды.
2026 жылғы 26 маусымда Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасы базасында офлайн және онлайн форматта туберкулезге қарсы іс-шараларды іске асыру бойынша мониторинг пен бағалаудың 2026 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысына арналған кеңес өтті.
Кеңес Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әбілпатта А. А. төрағалығымен өткізілді. Іс-шараға ҰФҒО директоры Әденов М. М., ЖҚ ЖІТ менеджері Исмаилов Ш. Ш., Облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Усеинов С. А., ҰФҒО және ЖҚ ЖІТ мамандары, республикалық және облыстық мониторинг және бағалау топтарының өкілдері, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының басшылары мен фтизиатр дәрігерлері қатысты.
Кеңес барысында облыстың медициналық ұйымдарында туберкулезге қарсы іс-шараларды іске асырудағы өзекті мәселелер қаралып, медициналық қызметкерлердің кәсіби даярлығы деңгейіне ерекше назар аударылды.
Жүргізілген супервизия қорытындысы бойынша келесі түзету іс-шараларын әзірлеу және іске асыру жөнінде ұсынымдар берілді:
- тұрақты оқыту семинарлары мен тренингтер өткізу;
- бейінді мамандар тарапынан тәлімгерлік жұмыстарын күшейту;
- туберкулезге қарсы іс-шаралардың сапасы үшін медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру.
Аталған шараларды іске асыру өңірдегі медициналық көмектің сапасын және туберкулезге қарсы жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған.