Алматыда республикалық үйлестіру кеңесі өз жұмысын бастады
Бүгін, 26 ақпанда Алматыда 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Ұлттық туберкулезге қарсы бағдарламаны іске асыру және оның перспективалары» тақырыбындағы республикалық үйлестіру кеңесі өз жұмысын бастады. Іс-шара ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы «Қазақстанда ТБ-ны тоқтатайық» ұлттық серіктестігімен және Жаһандық қордың жобаларды іске асыру тобының қатысуымен ұйымдастырылды.
Кеңес жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, өңірлік фтизиопульмонология орталықтарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен туберкулезге қарсы қызмет мамандары қатысты. Іс-шара аралас форматта - офлайн және онлайн түрде өтуде, қатысушылардың жалпы саны 100-ден асты.
Кеңес ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілінің құттықтау сөзімен ашылды. Ол туберкулезбен күресте салааралық өзара іс-қимылдың стратегиялық маңызын және халықаралық стандарттарды енгізудің қажеттілігін атап өтті.
Орталық директоры Малик Аденов 2025 жылға арналған Ұлттық туберкулезге қарсы бағдарламаны іске асыру қорытындыларын таныстырды. Эпидемиологиялық көрсеткіштердің төмендегені, заманауи диагностика әдістерінің кеңейтілгені, дәріге төзімді туберкулезді емдеудің жаңа режимдерінің енгізілгені және пациенттерді бақылауға арналған цифрлық шешімдердің дамығаны атап өтілді.

ҚР ФҰҒО жанындағы Жаһандық қордың жобаларды іске асыру тобының менеджері Шахимурат Исмаилов 2023–2025 жылдар аралығындағы «Туберкулез» компоненті бойынша грантты іске асыру нәтижелерін ұсынып, қаржыландырудың басым бағыттары мен алдағы жылдарға арналған негізгі міндеттерді белгіледі.

Орталық директорының стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Алмагүл Кауышева ФҰҒО-ның өңірлік дамудың ғылыми-әдістемелік драйвері ретіндегі рөлін атап өтіп, инновациялық технологияларды енгізу, кадрлық әлеуетті дамыту және ғылыми зерттеулерді кеңейту бағыттарын көрсетті.

Қатысушылар өңірлік қызметті жаңғырту, жасанды интеллект технологияларын қолдану, үкіметтік емес ұйымдардың рөлін күшейту және 2026–2028 жылдарға арналған Жаһандық қордың жаңа грантының басымдықтарын да талқылады. Негізгі назар елдегі туберкулезге қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық шешімдерге аударылды.
Талқылау барысында қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, туберкулезге қарсы іс-шараларды іске асырудың өзекті мәселелерін көтерді.
Кеңес қорытындысы бойынша елдегі туберкулезге қарсы іс-шараларды одан әрі күшейтуге бағытталған ұсыныстар қалыптастырылды.