Негізгі заң жобасы
Құрметті әріптестер, қадірлі достар!
Алдағы Конституциялық реформа қарсаңында денсаулық сақтау жүйесін нығайтуды және ғылымды дамытуды қолдайтын азамат ретінде өз ұстанымымды білдіруді маңызды деп санаймын.
Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл мемлекеттің алдағы ондаған жылдарға арналған даму бағытын айқындайтын ұзақ мерзімді стратегиялық негіз.
Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасында азаматтардың денсаулығын қорғау құқығына кепілдік беріледі. Бұл құқық заңда белгіленген көлемде медициналық көмек алу арқылы жүзеге асырылады. Осы жерде ерекше атап өткен жөн: 32-бапқа енгізілетін түзетулер азаматтарды тегін медициналық көмек алу құқығынан айырмайды. Бұрынғыдай әрбір азамат кепілдік берілген көлем аясында медициналық көмекті тегін ала алады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көздерін кеңейту ұсынылады. Мемлекеттік бюджеттен бөлек, қайырымдылық қорларының, халықаралық ұйымдардың және ірі компаниялардың қатысуы қарастырылған. Ақылы медицина да бұрынғыдай азаматтардың таңдауы бойынша сақталады.
Жалпы алғанда, енгізілетін өзгерістер нақтылаушы сипатқа ие және пациенттердің жағдайын нашарлатпайды.
Сонымен қатар, халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған нормаларды да ерекше атап өткен жөн. Конституция жобасының 7 және 23-баптарына енгізілетін түзетулер ең алдымен адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған және адал азаматтардың ар-ождан бостандығын немесе сөз бостандығын шектемейді.
Әңгіме діни сенім немесе «жеке пікір» деген желеумен адамның денсаулығына тікелей зиян келтіретін әрекеттер туралы болып отыр. Мысалы, өмірлік маңызды емнен немесе вакцинациядан бас тарту, сондай-ақ қауіпті жалған медициналық кеңестерді тарату.
Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткендей, дәл осындай бас тартулар инфекциялық аурулардың таралуына және қайғылы жағдайларға, соның ішінде балалар арасында да себеп болып жатады.
Адам өміріне қауіп төнген жағдайда мемлекет араласуға міндетті.
Өзгерістер ақпарат тарату мәселесіне де қатысты. Сөз бостандығы сақталады, алайда әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған немесе тексерілмеген медициналық ақпарат адамдарды жаңылыстырып, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімге нұқсан келтірмеуі тиіс.
Білім беру мен ғылым, соның ішінде медициналық ғылым мемлекет дамуының тұрақты негізі ретінде қарастырылады және адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалады.
Осылайша, Негізгі заң жобасы азаматтардың конституциялық құқықтарын, соның ішінде денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге және мемлекеттің барлық салалардағы дамуының тұрақтылығын арттыруға бағытталған.