Туберкулезбен күреске өмірін арнаған дәрігер
Баймұханова Клара Хасанқызы – фтизиатр дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстандағы туберкулезге қарсы қызметтің қалыптасуы мен дамуының бастауында тұрған мамандардың бірі.
1964 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын учаскелік дәрігер ретінде бастап, кейін көптеген жылдар бойы фтизиатрия жүйесінде қызмет атқарды – учаскелік дәрігерден облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігеріне дейін көтерілді.
Оның басшылығымен Ақтөбе облысында 200 орындық заманауи көпбейінді туберкулезге қарсы диспансер кешені салынып, пайдалануға берілді, өкпеден тыс туберкулезді диагностикалау мен емдеудің жаңа бағыттары енгізілді.
Клара Хасанқызы – 174 ғылыми жарияланымның авторы, Қазақстанда туберкулезбен күрестің халықаралық DOTS және DOTS-plus стратегияларын енгізуге қатысқан, елдегі туберкулезге қарсы көмекті ұйымдастыру жүйесінің қалыптасуына ондаған жыл бойы үлес қосқан білікті маман.