ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

ҰФҒО-да медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен жанжалды жағдайларға психологиялық дайындығы бойынша семинар өтті

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында медицина қызметкерлеріне арналған жеке қауіпсіздік, жанжалды жағдайлардың алдын алу және ықтимал қауіп төнген кездегі психологиялық дайындық мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті.

Медицина қызметкерлеріне қатысты агрессиялық әрекеттер мен шабуыл жасау оқиғаларының жиілеуіне байланысты персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Семинар қызметкерлердің ықтимал қауіп-қатер жағдайларына дайындығын арттыру, өзін-өзі қорғаудың практикалық дағдыларын қалыптастыру және жанжалды жағдайларда дұрыс әрекет ету тәсілдерін меңгеру мақсатында ұйымдастырылды.

Семинарға ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Оқытуды Орталықтың психологы Жасмин Мадиярқызы Сүлейменова жүргізді.

Семинар барысында қатысушылар агрессиялық мінез-құлықтың алғашқы белгілерін анықтау және ықтимал қауіпті дер кезінде бағалау, ауызша қоқан-лоқы, жанжал және физикалық шабуыл жағдайларында әрекет ету алгоритмдері, сондай-ақ жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әріптестерді қорғау тәсілдерімен танысты.

Сонымен қатар агрессиялық оқиғалардан кейін туындайтын психологиялық салдарлар, эмоционалдық жағдайды қалпына келтіру әдістері және шабуылға ұшырағаннан кейін кәсіби қызметке қайта оралу ерекшеліктері талқыланды.

Оқытудың практикалық бөлігінде жанжалды бәсеңдету және агрессия деңгейін төмендету тәсілдері, эмоционалдық жағдайды тұрақтандыруға арналған тыныс алу жаттығулары, сондай-ақ мазасыздық пен үрей туындаған кезде өзін-өзі реттеу әдістері қарастырылды.

Атап айтқанда, қатысушылар назарды мазасыз ойлардан қоршаған ортаға аударуға көмектесетін «5–4–3–2–1» жерге орнығу техникасын меңгерді. Бұл әдіс адамның бес сезім мүшесін пайдалану арқылы қазіргі сәтке назар аударуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ медицина қызметкерлері күйзеліс жағдайында эмоционалдық ширығуды төмендету және ішкі бақылауды қалпына келтірудің практикалық тәсілдерін үйренді.

Семинар барысында агрессияға немесе шабуылға тап болған қызметкерлерге уақтылы психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығы, сондай-ақ кәсіби міндеттерін қайта атқару кезінде қауіпсіздік сезімін біртіндеп қалпына келтіру қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Оқытудың негізгі мақсаты — медицина қызметкерлеріне қауіп-қатер белгілерін анықтау мен қауіпті жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын үйретіп қана қоймай, олардың психологиялық дайындығын арттыру, өзара қолдау мәдениетін қалыптастыру және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды нығайту.

Медицина қызметкерінің қауіпсіздігі — қауіпсіз медициналық ортаның ажырамас бөлігі. Өзгелердің денсаулығын күнделікті қорғап жүрген жандарға қамқорлық жасау ҰФҒО қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Біз картадамыз
Байланыстар
050010, Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ботакөз м.н, 1/1
(Директордың қабылдау бөлмесі)
+7 747 137 36 18 (с 08:00 до 17:00 ч.) (Call Center)