Қазақстанда туберкулезге қарсы шараларды жүзеге асыру жөніндегі республикалық семинардың қорытындысы
2023 жылдың 2-3 қарашасында Алматыда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен және ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күрес жөніндегі Жаһандық қор жобасының гранты («Туберкулез» бөлігі) шеңберінде «Туберкулезді жою» стратегиясы аясында іс-шараларды ұйымдастыру әлеуетін арттыру» атты республикалық семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «END TB» стратегиясының басым көрсеткіштері мен Жол картасының индикаторларын ескере отырып, туберкулез ауыртпалығын төмендету бойынша іс-шаралардың сапасы мен тиімділігін арттыру.
Семинарға ҚР ДСМ өкілдері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары және барлық облыстың денсаулық сақтау басқармалары мен фтизиопульмонологиялық орталықтарының басшылары, халықаралық серіктестер (KNCV, ДҮС), «Қазақстан фтизиопульмонологтар қауымдастығы» ҚБ басшылығы, туберкулезге қарсы бағдарламаның ұлттық кеңесшілері қатысты. Барлығы 130-дан астам адам, оның ішінде 59-ы офлайн режимінде қатысты.
Семинарды ашқан құттықтау сөзінде ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Дүйсенов Азамат Қинаятұлы бүгінде ДДСҰ ұсынған туберкулезді диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерінің арқасында Қазақстанда туберкулезбен сырқаттану мен аурудан болатын өлім-жітім деңгейінің ұзақ уақыт тұрақты түрде төмендеп келе жатқаны байқалғанын атап өтті. 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 34,9 құрады, 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ауыру (37,2) 6,1%-ға төмендеді, өлім-жітім 100 мың халыққа шаққанда 1,2 құрап, 20-%ға азайды. (2022 ж. – 1,4).
ҚР ҰФҒО директоры Әденов Мәлік Молдабекұлы Қазақстанда фтизиатриялық және пульмонологиялық қызметтерді дамытудың жол Картасын іске асыру аясында 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша туберкулезге қарсы іс-шаралардың орындалу барысы туралы баяндама жасады. М.Әденов 2022 жылмен салыстырғанда 17 жасқа дейінгі балалар арасындағы ауырудың 20%-ға төмендегенін атап өтті, 9 ай ішіндегі өңірлер арасындағы ТБ таралуы, өлім-жітім, балалар арасындағы аурушаңдық, дәріге төзімді, дәріге сезімтал туберкулезді емдеудің тиімділігі бойынша рейтинг нәтижелерін жария етті.
Ол туберкулезге қарсы бағдарламаның серіктестерімен бірлескен ұйымдастыру, әдістемелік және ғылыми іс-шаралардың, сондай-ақ онлайн дәрігерлік консультациялық комиссия түріндегі оқу вебинарларының, АМСК және ҮЕҰ мамандарының әлеуетін көтерудің маңыздылығын атап өтті.
Профессор, медицина ғылымдарының докторы, Жаһандық қордың ЖІАТ менеджері Исмаилов Шахимұрат Шайымұлы Қазақстанда STOP TB Ұлттық әріптестігін дамытудың қажеттігі, Әріптестіктің мақсаттары мен міндеттері жайлы, осы саладағы ҮЕҰ-ға тұрақты қолдау көрсетудің маңызы мен Қазақстан Республикасында туберкулез ауыртпалығын төмендетудегі азаматтық қоғамның рөлі туралы егжей-тегжей сөз қозғады. Сондай-ақ, 2035 жылға дейін END TB стратегиясының мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша мемлекет басшылары қабылдаған міндеттемелерге тағы мәрте баса назар аударды.
Семинардың бірінші күні Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Жетісу өңірінің денсаулық сақтау басқармалары мен ФО өкілдері ТБ бен ТИ анықтау және диагностикалау бойынша іс-шараларды ұйымдастырудағы оң тәжірибелерін ортаға салды. Сондай-ақ туберкулезді кеш анықтауға қатысты нақты жағдайларға егжей-тегжейлі талдау жасалды.
Семинардың 2-ші күні ҚР ҰФҒО МжБЭСАД басшысы Қасымбекова К.К. «Фтизиопульмонологияны дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру: 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өзекті мәселелер» тақырыбында, «ДҮС» ҮЕҰ өкілі Әлғожин Е.Ж. «Дәріге төзімді ТБ емдеудің негізгі қағидалары. Қазақстан Республикасында туберкулезге қарсы жаңа дәрілермен емдеудің тиімділігі» тақырыбында, Қазақстан Республикасындағы KNCV өкілдігінің директоры Пак С.Р. «Қазақстан Республикасында BPaL режимінің тиімділігі мен қауіпсіздігі бойынша жедел зерттеулердің мақсаттары мен міндеттері» тақырыбында, ДҚбМ бойынша ұлттық кеңесші Төлепова Г.Е. «ДҚбМ ұйымдастыру», Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық кеңесші Сұлтанәлі Д. «Қазақстан Республикасының туберкулезге қарсы бағдарламасындағы дәрілік препараттарды басқарудың өзекті мәселелері» тақырыбында, Қазақстан Республикасындағы СТБҰӘ хатшылығының мүшесі Жетеева Р. «Қазақстан Республикасында туберкулезге қарсы ұлттық әріптестікті дамыту: 2023 жылдың 9 айының қорытындысы және келешек мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.
Семинар соңында оның қатысушылары өздерінің практикалық дағдыларын жетілдіруге, инновациялармен, үздік тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік беретін осындай тренингтердің/семинарлардың маңыздылығын, сонымен қатар туберкулезге қарсы іс-әрекеттің өзекті мәселелер бойынша тұрақты ақпарат алмасудың қажеттігін қолдады, еліміздің барлық аймақтары деңгейінде туберкулезбен күресуде тиімді шешімдер қабылдау бойынша оның нашар және күшті жақтарын егжей-тегжейлі талдап отырудың өзектілігін атап өтті.