ҚРМУ-де туберкулезге қарсы күрес күніне арналған конференция өтті
3 наурыз күні ҚРМУ-де Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған ақпараттық-ағартушылық конференция өтті. Іс-шара 1–2 курс студенттеріне арналып ұйымдастырылып, олардың туберкулез ауруы, оны диагностикалау мен алдын алу әдістері туралы білімін арттыруға бағытталды.
Студенттер алдында ҚР ДСМ ҰҒФО-ның ЛТО-2 бөлімшесінің дәрігер-фтизиатры Батес Туйебаева дәріс оқыды. Дәріс барысында туберкулез (ТБ) және латентті туберкулез инфекциясына (ЛТИ) қатысты өзекті мәселелер қарастырылды.
Студенттер аурудың жұғу жолдары, заманауи диагностикалық әдістері, сондай-ақ туберкулездің алдын алу шаралары мен оны ерте анықтаудың маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат алды. Сонымен қатар, болашақ мамандардың медициналық сауаттылығын арттыруға және өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ерекше назар аударылды.
Осындай іс-шараларды өткізу студенттердің туберкулез мәселесін дұрыс түсінуіне ықпал етіп, оның алдын алу жолдары туралы ақпараттану деңгейін арттырады.