Алматыда 2030 жылға қарай туберкулёзді түбегейлі жою туралы қарар қабылданды
2025 жылдың 2-3 қазанында Алматыда «Туберкулезсіз Орталық Азия: ұлттық жетістіктерден өңірлік көшбасшылыққа» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция және Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы туберкулез бойынша өңірлік парламент саммиті өтті.
ҚР ДСМ қатысқан іс-шараға Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің парламентшілері, денсаулық сақтау саласының басшылары және ДДСҰ, Stop TB Серіктестігі және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары жиналды.
Өзінің алғысөзінде Қазақстан Республикасы Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева өңір парламентшілері бюджет әзірлеу саясаты мен оны бақылауда ерекше құзірет пен жауапкершілікке ие екенін атап өтті:
«Жаһандық ТБ Кокус мүшесі болмасам да, осы бастаманы қолдағанымды мақтан тұтамын. Жаһандық ТБ Кокус — парламент өкілдерін қандай партияға кіретініне қарамастан нақты іс-әрекетке айналдыруға жұмылдыратын бастама. Қазақстан инновацияларды енгізе отырып және тұрақты қаржыландыруға көшу арқылы бүкіл өңірді ынталандыратын үлгі болып отыр»
Саммит нәтижесінде 2030 жылға қарай туберкулёзді жою жөніндегі саяси міндеттемені іске асыруды көздейтін 2026-2028 жылдарға дейін туберкулезге қарсы күресті жеделдету жөніндегі аймақтық қарар қабылданды.
«Бүгін қабылданған қарар азаматтардың денсаулығына және жүйелерді нығайтуға ортақ жауапкершілігімізді көрсетеді. Біз бұл мәлімдемелерді адамдардың өміріне нақты өзгерістер әкелетін нақты бюджеттер мен заңдарға айналдыруымыз керек», - деді Жаһандық ТБ Кокус төрағасының орынбасары Гүлдара Нұрымова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан туберкулезбен сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейін төмендету бойынша БҰҰ-ның мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді. Саммитке қатысушылар аймақтағы табысты тәжірибені кеңейтуге және 2030 жылға қарай ауруды жоюды жеделдету үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
«Біздің жетістіктерімізді мына сандар дәлелдейді. 2024 жылы Қазақстанда туберкулезбен ауыру 4 пайызға, ал өлім-жітім 16,6 пайызға төмендеді. Тұңғыш рет елімізде туберкулезден бала өлімі тіркелмеді. Бұған ең соңғы диагностикалық әдістер мен ішетін дәрімен емдеу тәртібін енгізудің арқасында қол жетті», - деді ҚР ДСМ вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Саммитке қатысушылар әлеуметтік қолдаудың маңызына тоқталды. 2024 жылы Қазақстанда амбулаториялық сатыда емделетін науқастардың 99%-ы әлеуметтік көмек алды. Қазақстан ҮЕҰ-ға мемлекеттік тапсырыстарды қаржыландыруды 50%-ға ұлғайтты, бірақ жетістікті күшейту үшін халықтың осал топтарымен жұмысты күшейтуді және азаматтардың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруды талап етеді.
«Саяси ерік - туберкулезбен күрестегі ең күшті құрал. Біз өңірдің әр тұрғынының дер кезінде диагностика мен емдеуге қол жеткізуін қамтамасыз етуіміз керек. Туберкулезді жою - азаматтарымыздың алдындағы ортақ парызымыз және 2030 жылға қарай осы мақсатқа қол жеткізуіміз керек», - деп атап өтті Global TB Caucus төрағасының орынбасары Гүлдара Нұрымова.
Парламентшілер БҰҰ-ның туберкулезге қарсы саяси декларациясын (UNHLM TB, 2023) жүзеге асыру жолдарын талқылады және тұрақты қаржыландыруды, сектораралық ынтымақтастықты және азаматтық қоғамның қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған парламенттік бастамаларды ілгерілету тәжірибесін ортаға салды. Панельдік отырыстарға туберкулез саласының сарапшыларымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұргүл Тау, Ажар Сағандықова, Нұрлан Әуесбаев және Ирина Смирнова қатысты.
Жиынға қатысушылар ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығына, сондай-ақ Жаһандық қордың 2023-2025 жылдарға арналған Қазақстандағы «Туберкулез» компоненті бойына жобаларын іске асыру тобына және «Қазақстан фтизиопульмонологтары қауымдастығына» туберкулезге қарсы күш-жігерді үйлестіргені үшін ерекше алғыстарын білдірді.
«Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болдық: жаңадан ашылған Ұлттық фтизиопульмонология орталығында саяси ерік-жігер нақты міндеттерге айналды. Бұл бәрімізді шабыттандырады және күнделікті жұмысымызға жаңа серпін береді», - деп атап өтті ҚР ҰФҒО директоры Мәлік Әденов.
Саммитте қабылданған нәтижелер мен шешімдер 2026-2028 жылдар аралығында Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы парламенттердің, үкіметтердің және халықаралық серіктестердің іс-қимылдарын үйлестіруге негіз болады, 2030 жылға дейін аймақтағы туберкулезді жою мақсатын жақындатады.