ҚР ДСМ ҰФҒО-да Қазақстанда алғаш рет өкпенің альвеолярлық протеинозы кезінде тотальды бронхоальвеолярлық лаваж сәтті жүргізілді
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында елімізде алғаш рет өкпенің сирек кездесетін ауруы — альвеолярлық протеинозбен ауыратын науқасқа бірсаңылаулы интубациялық түтік пен кеуде қуысының вибромассажын қолдана отырып тотальды бронхоальвеолярлық лаваж сәтті жүргізілді.
Бірегей жоғары технологиялық емшараны дәрігер-эндоскопист Тұрғымбаев Бақтияр Абзалиденұлы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Арымбаева Айнұр Бубушерханқызының, реаниматолог дәрігерлер тобының және бөлімше меңгерушісі Ибраев Жасұлан Ахметұлы жетекшілік ететін торакалдық хирургтар ұжымының қолдауымен орындады. Сонымен қатар пациентті диагностикалау, бақылау және емдеу үдерісіне пульмонолог дәрігер Диана Нигматова қатысты.
2023 жылы бүйрек трансплантациясын өткерген 33 жастағы пациент Орталыққа айқын тыныс жеткіліксіздігімен ауыр жағдайда түсті. Госпитализация кезінде қандағы оттегімен қанығу деңгейі шамамен 80 пайызды құрады. Науқастың жағдайының ауырлығы мен асқыну қаупінің жоғары болуын ескере отырып, мамандардың мультидисциплинарлық тобы тотальды емдік бронхоальвеолярлық лаваж жүргізу туралы шешім қабылдады.

Аталған клиникалық жағдайдың ерекшелігі – бірсаңылаулы интубациялық түтікті қолдану және бронх ағашын кезең-кезеңімен сегментарлық шаюды кеуде қуысының вибромассажымен үйлестіре жүргізу болды. Бұл әдіс альвеолалардағы ақуызды-липидті массаларды тиімдірек шығарып, өкпенің желдету қызметін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Жүргізілген емнен кейін пациенттің жағдайында айқын оң динамика байқалды. Қандағы оттегімен қанығу деңгейі 95–97 пайызға дейін көтеріліп, тыныс алу қызметі мен жалпы жағдайы едәуір жақсарды.
Өкпенің альвеолярлық протеинозы өте сирек кездесетін аурулардың қатарына жатады және шамамен 2 миллион халықтың 1–2 адамында ғана анықталады. Қазіргі уақытта тотальды бронхоальвеолярлық лаваж осы патологияны емдеудің негізгі әрі ең тиімді әдісі болып саналады.

Инновациялық эндоскопиялық технологияларды тәжірибеге енгізу және сәтті қолдану ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мамандарының жоғары кәсіби деңгейін көрсетеді және ауыр әрі сирек кездесетін өкпе ауруларымен ауыратын пациенттерге мамандандырылған медициналық көмекті көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді.