Қазақстан мен TB Alliance туберкулезге қарсы күрестегі ілгерілеуді жеделдету үшін өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда
Алматыда туберкулезді емдеудің заманауи әдістеріне қолжетімділікті кеңейту және ғылыми инновацияларды енгізу үшін Орталық Азия және басқа да өңірлер елдерінің сарапшыларын біріктірген халықаралық конференция өтті.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы және TB Alliance халықаралық коммерциялық емес ұйымы 29–30 қазанда «Туберкулезді жою жолында: ілгерілеу, сын-қатерлер және жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық конференция өткізуде.
Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия және Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның басқа да елдерінің туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламаларының өкілдері, халықаралық сарапшылар мен әріптестер қатысуда.
Конференцияның негізгі тақырыптары инновациялық емдеу әдістеріне қолжетімділікті кеңейту, диагностиканы жетілдіру, цифрлық шешімдерді енгізу және пациенттердің қажеттіліктерін ескере отырып, медициналық көмек көрсету тәсілдерін дамыту болды.

Қазақстан туберкулезге қарсы күрес саласындағы өңірлік сараптама орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді. Елде заманауи диагностика және емдеу әдістері жүйелі түрде енгізіліп, пациенттерді сүйемелдеу жүйесі дамытылуда және емдеу курсының қысқартылған режимдері кеңінен қолданылуда. Халықаралық ынтымақтастық тәжірибе алмасуға және тиімді шешімдерді ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне жедел енгізуге мүмкіндік береді.
"Жүйелі жұмыс, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық әріптестермен тығыз ынтымақтастық туберкулезге қарсы күресте елеулі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін туберкулезге қарсы көмектің ұлттық жүйесін дамыту ғана емес, сонымен қатар өңір елдері арасында білім мен табысты тәжірибе алмасуға ықпал ету де маңызды. Біздің ортақ міндетіміз – пациенттердің тиімді емге уақтылы қол жеткізуін қамтамасыз ету", – деп атап өтті өз сөзінде … Мәлік Әденов.
Конференцияның негізгі тақырыптарының бірі дәріге көнбейтін туберкулезді емдеудің толықтай пероральды қабылдауға негізделген алты айлық режимдерін, соның ішінде BPaL және BPaLM схемаларын енгізу болды.
Бұл схемалар дәстүрлі ұзақ мерзімді емдеу курстарымен салыстырғанда терапияның ұзақтығын қысқартып, пациенттерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Қатысушылар жаңа тәсілдерді қолданудың практикалық тәжірибесін, зертханалық және клиникалық инфрақұрылымды нығайтуды, сондай-ақ емге қолжетімділікті шектейтін кедергілерді жою шараларын талқылады.
TB Alliance ұйымы жүзеге асырып жатқан PeerLINC бастамасына да ерекше назар аударылды. Ол мамандар мен ұлттық туберкулезге қарсы бағдарламалардың арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды, практикалық шешімдермен алмасуды және табысты тәжірибені әр елдің жағдайына бейімдеуді көздейді. Мұндай ынтымақтастық форматы кадрлық әлеуетті дамытуға және заманауи емдеу әдістерін кеңінен қолдануға ықпал етеді.

Қатысушылар жаңа буын препараттары мен емдеу схемаларын әзірлеу перспективаларын да қарастырды. TB Alliance дәрілік заттардың жаңа комбинацияларын, соның ішінде сорфеквилинге негізделген режимдерді зерттеуде. Болашақта олар дәріге көнбейтін туберкулезді емдеу мерзімін одан әрі қысқартып, емді пациенттер үшін қолайлы етуі мүмкін.
Ұйымның «1×1×1» ұзақ мерзімді стратегиясы ауқымды мақсаттарға бағытталған: латентті туберкулез инфекциясын бір күннің ішінде, белсенді туберкулезді бір айдың ішінде емдеу және жаңа емдеу әдістері мақұлданғаннан кейін бір жыл ішінде оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады.
Бұл мақсаттарға жету үшін ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін алдын ала дайындау қажет. Ол үшін диагностиканы дамыту, клиникалық хаттамаларды жетілдіру, реттеуші органдардың дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық ұйымдармен және қоғамдастықтармен тұрақты өзара іс-қимыл орнату маңызды.
"Жаңа препараттарды әзірлеу – мәселені шешудің бір бөлігі ғана. Елдерге инновацияларды енгізу үшін қажетті білім, инфрақұрылым және әлеует те қамтамасыз етілуі керек. Қазақстанмен және өңірдің басқа елдерімен ынтымақтастық заманауи емдеу әдістеріне қолжетімділікті жеделдетуге және ғылымның келесі жетістіктеріне дайындалуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті TB Alliance ұйымының нарыққа қолжетімділік мәселелері жөніндегі аға вице-президенті Сандип Джунеджа.
Конференция 2025 жылы Алматыда өткен туберкулез мәселелері жөніндегі өңірлік парламенттік саммитте басталған диалогтың жалғасы болды. Сол кезде қабылданған қарарда саяси қолдауды нығайту, туберкулезге қарсы бағдарламаларды тұрақты қаржыландыру, әріптестікті дамыту және инновацияларға қолжетімділікті жеделдету көзделген.
Конференцияның қорытындысы бойынша өңір елдерінің күш-жігерін үйлестіруді жалғастырудың, сараптамалық біліммен алмасудың және туберкулездің профилактикасы, диагностикасы мен еміне қатысты ортақ тәсілдерді дамытудың маңыздылығы расталды.
Қазақстан денсаулық сақтау жүйелерін нығайту, тиімді емге қолжетімділікті кеңейту және ортақ мақсатқа – туберкулезді жоюға қол жеткізу үшін TB Alliance ұйымымен, ұлттық туберкулезге қарсы бағдарламалармен және халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты жалғастырады.

Анықтама
TB Alliance – туберкулезді дәрі-дәрмекпен емдеудің барынша қысқа, тиімді және қолжетімді схемаларын әзірлеумен айналысатын халықаралық коммерциялық емес ұйым. Ұйым жаңа емдеу әдістерін әзірлеу мен енгізуді жеделдету мақсатында ғылыми-зерттеу орталықтарымен, ұлттық денсаулық сақтау бағдарламаларымен және халықаралық әріптестермен ынтымақтасады.